Мысалы, Оңтүстік Корея 60 жыл бойы осы бағытта жүрді.
Фото : inform.kz13 сентября 2019, 10:59
Мәжіліс депутаты Мейрам Пішембаев Қазақстан өзінің отандық автокөлігін қашан ойлап тауып, жасап шығаруы мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды Zakon.kz ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.
– Қазақстандық автокөлік өндірісі туралы айтсам, бүгінде автокөлік өндірісі нарығына кіру үшін ұзақ уақыт жұмсаған елдер бар. Мысалы, Оңтүстік Корея 60 жыл бойы осы бағытта жүрді. Бізде де 2010 жылға дейін автомобиль өндірісі, электровоздар немесе тепловоздар өндірісі болмады. Біз тек дайын бөлшектерді құрастырумен келдік, – деді Мейрам Пішембаев Үкіметтегі баспасөз жиынында.
Оның сөзінше, Қазақстанда шығарылған автокөліктерді тек өндіріс локализациясының 50 пайызы Қазақстанда болғанда ғана өзге елдерге сатуға болады.
– Қазір автокөлік өнеркәсібінің локализациясы шамамен 30% құрайды, бұл тек құрастыру ғана емес, сонымен қатар шанақты дәнекерлеу, сырлау, автокөлікті жинақтау. Қазақстанда аккумулятор, дискілер сияқты қосалқы бөлшектер шығарыла бастады. Әрине, міндет оңай емес – алдағы екі жылда автоөнеркәсіптің локализациясын тағы 20 пайызға көтеруіміз керек. Бұл бағытта автокөлік өндірушілері министрлікпен өнеркәсіптік өндіріс келісімі бойынша хат алмасуда, – деді спикер.
Сондай-ақ, ол Қазақстан өзінің автокөлігін жобалап, өндіріске шығару үшін көп жылдар қажет болатынын түсіндірді.
– Қазақстандық автокөлік туралы айтатын болсақ, біз өз автокөлігімізді әзірлегенше 10-15 жыл уақыт кетеді, деп санаймыз. Сондықтан технологиялар трансфертімен айналысқан жөн. Бізге дайын технологияны сатып алып, қалғанын өзіміз шығарған оңайырақ – бұл жетістікке жетудің ең қысқа жолы. Сонымен қатар, қолжетімді болуы үшін коммерциялық банктерге қазақстандық автокөліктерді несиелеуге мемлекет қаражат бөлді. Бірақ онда үлкен кезек бар, яғни қол жетімді емес әлі. Осындай мәселе бар. Өткен жылы, оның алдындағы жылы бөлінген қаражат жылына 4%-бен автонесиеге бөлінді. Бірақ өткен жылы 2017 жылмен салыстырғанда автокөлік өндірісі үш есеге артты, – деп қорытындылады Пішембаев.