Алматыда «сары жилеттер» тағы да заңсыз автотұрақтар ұйымдастыруда

Мұның бәріне бір Бәке деген үлкен кісі рұқсат еткен дейді.


Фото : видеодан кадр9 октября 2019, 12:37

Алматыда көлік көп. Темір тұлпардың көптігі соншалық, жаяу жүргіншілердің соқпағы автотұраққа айналды. Қаланың қақ ортасындағы мәдени ошақтардың маңына да қалың көлік қаңтарылады, деп хабарлайды Zakon.kz Астана телеарнасына сілтеме жасап.

Мәселен, Абай атындағы опера және балет театрының алды бейберекет тұрақ болып барады. Заңсыз автотұрақтан ақша тауып жүрген «пысықайлар» да баршылық.

Алматыдағы мемлекеттік опера және балет театрының айналасы бұл күндері қаптаған қалың көліктің автотұрағына айналды. Театр қызметкерлері мәдени ошақтың маңына көлік жолатпау үшін әрбір жүргізушімен жағаласып әлек. Алайда ескертуді елемейтіндер көп.

Гүлжан Нұртаева, Абай атындағы Мемлекеттік Академиялық опера және балет театры директорының орынбасары:

– Жол патрульдік қызметкерлерін шақыртамыз,олар келіп көліктің мемлекеттік тіркеу нөмірін шешіп, көлікті эвакуаторға тиеп әкетеді. Бірақ келесілері келіп, көлігін көлденең қойып кетеді. Қойылым кезінде театрдың кіре берісіне, тіпті баспалдаққа дейін тақап қоятыны да бар.

Театр өкілдерінің айтуынша Панфилов көшесі қайта жөндеуден өткен соң аумаққа арнайы құрылғы орнатылған көрінеді. Құрылғы істен шыққалы бейберекет тұрақ белең алған.

Гүлжан Нұртаева, Абай атындағы Мемлекеттік Академиялық опера және балет театры директорының орынбасары:

– Бұл жерге орындықтар қойылып, тас төсеуіштер төселді. Керемет демалыс орыны ұйымдастырылды. Шығыс және батыс жағына қадағалау жүйесі орнатылды. Бұл жүйенің ерекшелігі бағандар жер астынан шығып көлік қозғалысын тежейді. Жүйе жұмыс істеп тұрғанда тәртіп болып еді, енді істен шығып қалды.

Енді бұл жерге шлагбаум қоюды жоспарлап жатыр, бірақ оның театр маңына темір тұлпарын қойғысы келетіндерге қаншалықты қалқан болары белгісіз. Шаһар орталығындағы өзге де көрікті жерлер көлік тұрағына айналды. Бұрынғы веложолдар мен жол жиектерді жеңіл көліктер иемденіп алған. Заңсыз автотұрақтарда көлеңкелі бизнестің көрігі қызып тұр.

«Ортақ жол» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Арсен Шакуов қалта қағарлар ақылы тұрақтарды да басып алғанын айтады. Арнайы автотұрақтар кешкі жетіге дейін жұмыс істейді, содан кейін ережеге сәйкес машинаны тегін қоюға болады. Әлгі дәніккендер дәл осы уақытты пайдаланып, жүргушілердің қалтасын қағады, дейді сарапшы.

Арсен Шакуов, «Ортақ жол» ҚБ жетекшісі:

– Гоголь көшесінде иә, болды. Маған жетіп келіп, төле дейді. Мен кімнің тұрағы деп сұрадым. Менің автотұрағым деп қалжыңға басты. Бәке рұқсат еткен дейді. Оны сөзге тартып көріп ем, үстінен бақылайтын бәз-біреудің бар екенін айтты. Олар үстіндегі кеудешелерін біреуден алатын болып тұр ғой сонда. Мұның артында көлеңкелі бизнестің тұрғаны хақ.

Қаптаған қалың тұрақтың заңсыз әрекеті жайында әкімдікке сауал хат жолданды. Алайда билік тарабы жауап берген жоқ. Жалғыз тұрақтың өзінен тәулігіне кем дегенде 100 мың теңге түседі,-дейді сарапшы. Ендігі меже көлеңкелі бизнестің күре тамырына балта шабу.

Қаланың жаңа әкімшілігі жаяу жүргіншілер мен велосипедшілерді шетке ығыстырып,автокөліктердің кеңістігін қайтаруға шешім қабылдады. Шенеуніктер бұл шешім шағын және орта бизнестің көкжиегін кеңейту үшін қажет деген еді. Алайда заңсыз автотұрақтағы көлеңкелі бизнес ғана көркейіп жатыр.

auto.zakon.kz

Вы можете оставить комментарий, или ссылку на Ваш сайт.

Оставить комментарий

Вы должны быть авторизованы, чтобы разместить комментарий.